Соңғы мақалалар

Басты бет » Мақалалар » Қазақша анекдоттар » Қожанасыр туралы

Қожанасыр мен мырза

Қожанасыр мен мырза

 Қожанасыр жарлы болған адам екен. Бір күні жаяу кіре тасып, кәсіп қылып, тамақ асырамақ болады. Базарға жаяу келіп, кірешілердің қасында тұрса, бір мырза келіп дүкеннен жаңа сатып алынған бір сандық кесе, шыны аяқ, тас-табақ сияқты ас ішетін ыдыстарды үйіне жеткізіп беруді сұрайды.

  Қожанасыр:

   – Үйіңізге алып бару ақысына не бересіз? – дейді.

   – Алып бару ақыңа мен саған үш ауыз бек мағыналы, қасиетті сөз үйретемін,– дейді мырза.

«Ақша басқалардан да табылады ғой! Мұның бек қасиетті сөзін естіп қалайын» деген оймен  Қожанасыр «жарайды» дейді. Қожа ауыр сандықты көтеріп, иесіне еріп келе жатып біраз жер жүрген соң:

   – «Қане, мырза, қасиетті мағыналы сөзіңізді айтсаңыз екен», – дейді Қожанасыр. Жолаушы айтады:

   – Жақсы, айтайын. Бірінші сөз мынау – егер біреу аштық тоқтықтан жақсы десе, еш уақытта нанбағайсың!

   – Жарайды, бұл бек мағыналы сөз екен, – дейді Қожанасыр.  

    – Енді екінші сөз мынау – жаяу жүру жанға тыныш десе, еш уақытта нанбағайсың, – дейді мырза.

    – Бұл да зор мағыналы сөз екен, – дейді Қожанасыр.

    Үйдің жанына келіп, қақпаға кірердің алдында тұрып:

    – Мырза, енді үшінші сөзді айтсаң екен, – дейді Қожанасыр.

    Мырзаның үшінші сөзі:

    – Егер жаяу кірешінің сенен ақылсызы бар деуші болса, оған да нанбағайсың! – дейді.

   Сонда Қожанасыр төбесіндегі сандықты жерге тастап жіберіп:

    – Егер біреу бұл сандықтың ішінде сынбай қалған нәрсе бар десе, сен де еш уақытта нанбағайсың! – деп қайтып жүре берген екен.


Категория: Қожанасыр туралы | Добавил: Admin (25.10.2014)
Просмотров: 530 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar